CALL-ЦЕНТР
Қашықтықтан оқыту кезінде Целиноград ауданының білім бөлімінде әдістемелік көмек көрсету және ұйымдастыру үшін Call орталығы іске қосылды.
8 (716 51) 30 534
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президентi
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
КIРIСПЕ
Елiмiз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, бiз қайта түлеудiң айрықша маңызды екi процесi – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Бiздiң мақсатымыз айқын, бағытымыз белгiлi, ол – әлемдегi ең дамыған 30 елдiң қатарына қосылу. Аталған екi жаңғыру процесiнiң де нақты мақсат-мiндеттерi, басымдықтары мен оған жеткiзетiн жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрi дер уақытында және барынша тиiмдi жүзеге асарына сенiмдiмiн. Бiрақ, ойлағанымыз орындалу үшiн мұның өзi жеткiлiксiз.
Мақсатқа жету үшiн бiздiң санамыз iсiмiзден озып жүруi, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиiс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегiне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгiн басталатын жұмыс емес. Бiз тәуелсiздiк кезеңiнде бұл бағытта бiрнеше ауқымды iс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткiштер мен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнiң ең белдi архивтерiнен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелi түрде жинап, зерттедiк. Ендi осының бәрiнен де ауқымды және iргелi жұмыстарды бастағалы отырмыз. Мен елiмiз мықты әрi жауапкершiлiгi жоғары Бiртұтас Ұлт болу үшiн болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетiнiмiз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдiм.
I. ХХI ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ
Күллi жер жүзi бiздiң көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлi бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгерiп жатқан дүбiрлi дүниеде сана-сезiмiмiз бен дүниетанымымызға әбден сiңiп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземiздi теңеп, иық түйiстiру мүмкiн емес. Өзгеру үшiн өзiмiздi мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуiрдiң жағымды жақтарын бойға сiңiруiмiз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгiсiнiң бүгiнгi заманның болмысына сай келмеуiнiң сыры неде? Менiңше, басты кемшiлiгi – олардың өздерiне ғана тән қалыбы мен тәжiрибесiн басқа халықтар мен өркениеттердiң ерекшелiктерiн ескермей, бәрiне жаппай ерiксiз таңуында. Әжептәуiр жаңғырған қоғамның өзiнiң тамыры тарихының тереңiнен бастау алатын рухани коды болады.